Бүгін Қостанай қаласының әкімі Қ.Ж.Ахметов қала аумағында коронавирустық инфекцияның таралу қаупінің алдын алу бойынша кезекті кеңес өткізді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қала прокуратурасы, полиция, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы өкілдерінің қатысуымен мейрамханалар, дәмханалар және басқа да қоғамдық тамақтану пункттерінің иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе: шектеу шаралары кезеңінде құқық бұзушылықтарды анықтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы.
Қазіргі уақытта біздің облыс "қызыл" аймаққа енді, осыған байланысты мониторингтік топтардың қызметі күшейтілді және тұрақты бақылауда тұр.
Мониторинг бекітілген кестеге (күндізгі, кешкі және түнгі уақыт) сәйкес жүзеге асырылды.
2021 жылғы 01 маусым мен 12 шілде аралығында мониторингтік топтар қала мейрамханаларында отбасылық салтанатты, еске алу және өзге де іс-шараларды өткізу бөлігінде 11 бұзушылық анықталғанын қала басшысы атап өтті. Осы іс-шараларға қатысқан адамдардың саны 40-тан 180 адамға дейін болды.
Барлық бұзушылықтар фото және видеода тіркелді, ЖПҚ қызметкерлері хаттамаларды ресімдеді.
"Әсіресе, осы кезеңде мониторинг күшейтілген режимде жүзеге асырылатын болады. Сондықтан, мен КВИ таралу қаупінің алдын алу жөніндегі жедел штабтың басшысы ретінде мейрамхана бизнесі, қоғамдық тамақтану өкілдеріне шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Ұжымдық қорғаныш иммунитетін қалыптастыру үшін ұжымдарда жаппай вакцинациялау бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында "Ashyq" жобасын одан әрі енгізу қажет,- деп ескертті Қ.Ахметов.
Қостанай қаласы әкімінің баспасөз қызметі