Жалпыға бірдей декларациялау

Жалпыға бірдей декларациялау

Салық Кодексінде жалпыға бірдей декларациялауды төрт кезеңмен жүзеге асыру қарастырылған.

Бірінші кезеңде (2021 жылғы 1 қаңтардан бастап) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары); мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары); «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табыс ету жөніндегі міндет жүктелген адамдар декларация тапсыруға міндетті.

Екінші кезеңде (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап) мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайлары.

Үшінші кезеңде 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары.

2025 жылы қорытынды кезеңде азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық ересек халқы кіреді.

Жеке тұлғалар жалпыға бірдей Декларациялау жүйесіне кірудің бірінші жылында активтері мен міндеттемелері туралы Декларацияны (250.00-нысан) ұсынуға міндетті. Кейінгі жылдары кірістері мен мүлкі туралы Декларация (270.00-нысан) ұсынылады.

Активтер мен міндеттемелер туралы Декларация (250.00-нысан) жинақталған активтер мен міндеттемелерді Декларациялау жүйесіне кіру күніне тіркеу үшін ұсынылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында тіркелген жылжымайтын мүлік және көлік құралдары туралы мәліметтерді декларацияда көрсетудің қажеті жоқ, өйткені бұл мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарында бар.

Құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлік көрсетілуге жатады. Мүліктің осы тізбесіне: жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және (немесе) жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» суларында жүзу кемелері; көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер жатады; барлық банк салымдары бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын ең төменгі есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасындағы және (немесе) одан тыс жерлердегі мүлік туралы: тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлес; Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы орындалатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда); инвестициялық алтын; зияткерлік меншік, Авторлық құқық объектілері сияқты деректерді көрсету қажет.

Сондай-ақ, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация табыс етілген жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанында қолданылатын ең төмен есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшері шегінен аспайтын сомадағы қолма-қол ақша көрсетіледі; Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі жөніндегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар алдындағы берешектерді қоспағанда, міндеттеме немесе талап туындауына негіз болатын, нотариалды куәландырылған келісімшарт немесе басқа құжат болған кезде жеке тұлғалардың біреулер алдындағы қарыздары (кредиторлық берешек) және (немесе) басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы қарыздары (дебиторлық берешек) көрсетіледі.

Бұдан басқа, қымбат тұратын мүлік, мысалы, бір бірлігі үшін бағасы (құны) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын ең төменгі есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын өнер туындылары және сол сияқтылар болған жағдайда, жеке тұлға қалауы бойынша осы мүлікті бағалау туралы есепте айқындалған құны болған кезде декларацияда көрсетуге құқылы.

Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңіне кіретін адамдар үшін тұрғылықты жері (келу орны) бойынша декларацияны қағаз нұсқада тапсыру мерзімі – 2021 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей немесе электрондық түрде – 2021 жылғы 15 қыркүйегінен кешіктірілмеуі тиіс.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны салық төлеушінің кабинеті арқылы электронды түрде ұсынуға болады (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ eSalyq Azamat mobile және         eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.

1414 бірыңғай республикалық нөмір платформасында жалпыға бірдей декларациялауды түсіндіру үшін байланыс орталығы іске қосылды.

Толығырақ ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтының (kgd.gov.kz) «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінде жарияланған.