
Қостанай қаласындағы «Қонай» тұрғын алабын игеру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Аумақта жеке тұрғын үйлер салу, жер учаскелерін беру және коммерциялық жобаларды іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
«Қонай» – Қостанай қаласының болашағы зор аудандарының бірі. Тұрғын алабының жалпы аумағы 1300 гектарды құрайды, оның 488 гектары бірінші кезеңге тиесілі.
Қолданыстағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысына 1967 жер учаскесі қарастырылған. Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен тұрғын үйлер салу жұмыстары да іске асырылуда.
2025 жылы «Қонай» тұрғын алабында 124 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 69-ы бір қабатты, 55-і екі қабатты. Қазіргі таңда 48 үй тұрғындарға берілді. Тағы 8 үй бойынша мәмілелерді рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кезекте тұрған азаматтарға жер учаскелерін беру жұмыстары да жалғасуда. Бүгінгі таңда 597 жер учаскесі берілді, тағы 138 учаске беру сатысында. Сонымен қатар 135 сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріліп, 54 эскиздік жоба келісілді. 16 жер учаскесінің иесі құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
Тұрғын алаптың дамуы тұрғын үй құрылысымен ғана шектелмейді. Аумақта кәсіпкерлікті дамытуға және қажетті коммерциялық инфрақұрылымды қалыптастыруға да жағдай жасалуда.
2022–2026 жылдары коммерциялық мақсаттағы жер учаскелерін жалға алу құқығын сату бойынша 10 аукцион өткізілді. Нәтижесінде 3,76 гектар жер учаскесі сатылып, бюджетке 115 млн теңге түсті.
Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында «Қонай» тұрғын алабында қажетті әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылым нысандарын салу көзделген. Атап айтқанда, екі мектеп, емхана, жедел жәрдем станциясы, спорт және мәдени-демалыс нысандары, сондай-ақ сауда және тұрмыстық қызмет көрсету объектілері қарастырылған.
Осылайша, «Қонай» тұрғын алабында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде. Аумақты кешенді игеру арқылы тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру көзделіп отыр.