
Бүгін жұмыс сапары барысында қала әкімі балалар және спорт алаңдарын салу жобаларының жүзеге асу барысымен танысты.
Үй маңындағы заманауи қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру – жайлы қалалық ортаны дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты Қостанай қаласының барлық аудандарында аулалық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Биыл қалада 40 жаңа балалар алаңын салу жоспарланған. Оның ішінде 10 алаң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жоспары аясында орнатылса, тағы 30 алаң тұрғындардың бастамасымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қыркүйек айының ортасына дейін Жастар бульварында, Қонай шағын ауданында және «Керуен» саябағында үш ірі ойын кешенін орнату көзделген.
Қазіргі уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жоспары бойынша жүзеге асырылып жатқан 10 алаң толық, яғни 100 пайызға аяқталған. Ал «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясындағы 30 алаң бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін аяқталады.
Жыл соңына қарай Қостанай қаласындағы 550 аула аумағының 256-сында заманауи балалар ойын алаңдары орнатылатын болады.
Сонымен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл тағы 79 аулада жөндеу жұмыстары жүргізіледі.