
Қостанай қаласында өңірдегі алғашқы мамандандырылған падел-корт өз жұмысын бастады. Заманауи спорт нысаны тұрғындарға дене шынықтырумен айналысуға және белсенді демалыс өткізуге жаңа мүмкіндік береді.
Падел – әлем бойынша қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Ол үлкен теннис пен сквош элементтерін үйлестіріп, қарапайым әрі қолжетімді ойын форматының арқасында әртүрлі жастағы және дайындық деңгейіндегі адамдарға арналған.
Қостанай Астана мен Алматыдан кейін елімізде падел-корт ашылған алғашқы өңірлердің бірі болды. Бұл өңірде жаңа спорттық бағытты дамытуға қажетті жағдайлардың жасалып жатқанын көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба – қаланың спорттық инфрақұрылымын дамытудағы алғашқы қадамдардың бірі ғана. Қазіргі уақытта инвесторлар тарапынан падел спортын одан әрі дамытуға қызығушылық бар. Сондықтан алдағы уақытта жаңа спорт алаңдары мен нысандарын салу жұмыстары жалғасады.
Жаңа корт тұрғындар арасында сұранысқа ие болып, салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.