Қаланы тұрақты жылумен қамтуға бағытталған жұмыстар жалғасуда

Қаланы тұрақты жылумен қамтуға бағытталған жұмыстар жалғасуда

Қалада алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Арнайы іс-сапар барысында жылу энергетикасы нысандары араланып, атқарылып жатқан жөндеу науқанының барысы қадалды.

Биыл қаланың жылу жүйесін дамытуға өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп қаражат — 5,7 млрд теңге бөлінді. Бұл ауқымды инвестиция магистральдық жылу желілерін қайта жаңғыртуға, ЖЭО жабдықтарын жаңартуға, қазандықтарды жөндеуге және кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын іске асыруға жұмсалуда.

Қазіргі уақытта Дощанов, Тәуелсіздік және Шақшақ Жәнібек батыр көшелеріндегі жылу магистральдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, ЖЭО, ЖЭО-2 және №3 қазандықта дайындық шаралары үздіксіз жүргізілуде. Ал ЖЭО-ның негізгі бу құбырын қайта жаңғырту жұмыстары қазірдің өзінде аяқталуға жақын. Барлық нысандардағы жұмыс бекітілген жоспарға сай әрі сапалы атқарылуда.

Бұдан бөлек, жылу жүйесін басқару ісі де заман талабына сай өзгеріп келеді. Жаңартылған диспетчерлік қызмет жұмысына жылу энергетикасы нысандарын бақылау мен басқаруды жеңілдететін заманауи цифрлық шешімдер енгізілуде. Бұл қаланың тыныс-тіршілігін автоматты түрде қадағалауға мүмкіндік береді.

Өткен жылдың жаз мезгілінде жүргізілген тиімді профилактикалық жұмыстардың арқасында қысқы маусым тұрақты өтіп, жылумен қамту нысандарында ешқандай апатты жағдайлар тіркелмеген болатын. Биыл да осы оң тәжірибені негізге ала отырып, алдағы қыста қала тұрғындарын жылумен сенімді әрі үздіксіз қамтамасыз ету басты міндет болып қала бермек.