«Береке» шағын ауданында ірі жобалар жүзеге асуда

«Береке» шағын ауданында ірі жобалар жүзеге асуда

Береке шағын ауданы – қаладағы ең қарқынды дамып келе жатқан аумақтардың бірі. Бүгінде мұнда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары күшейтілуде.

Жұмыс сапары барысында халықаралық брендке тиесілі Novotel қонақүйінің құрылыс барысы қаралды. Жоба 7 қабатты, 120 нөмірлі қонақүйді қамтиды. Сонымен қатар, онда конференц-залдар мен мейрамхана қарастырылған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 5 млрд теңгені құрайды, құрылыс толықтай инвестор қаражаты есебінен жүргізілуде.

Сапар аясында жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері де талқыланды. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыру мақсатында Kostanay Plaza автотұрақтары мен Тобол Арена арасын байланыстыратын жерасты жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланған. Бұл жоба қосымша 500-ден астам автотұрақ орнын құруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, екі жыл бұрын аталған шағын ауданның құрылысы уақытша тоқтатылып, жол желісінің жобасы қайта қаралған болатын. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап жұмыстар жаңартылған схема бойынша қайта басталды.

Жаңа жоспарға сәйкес, көшелердің ені 7 метрге дейін, ал кейбір учаскелерде 14 метрге дейін кеңейтіледі. Сонымен қатар, «Комфортты мектепке» апаратын кірме жолдар салу және Kostanay Plaza мен Тобол Арена арасындағы көлік қозғалысын қайта ұйымдастыру көзделген.

Алдағы жоспарлар қатарында Камшат Дөненбаева көшесін кеңейту және айналма жолдар салу бар.