
Қалада қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Күн сайын қалалық және қала маңындағы бағыттарға 187 автобус шығады. Соңғы бес жылда автобус паркі айтарлықтай жаңартылып, қазіргі таңда 151 автобус (81%) 7 жылға дейінгі техникадан тұрады. Бұл жолаушылар тасымалының сапасы мен сенімділігін арттырды.
Жұмыс сапары аясында қала әкімдігі «Альтаир» ӨК кәсіпорнына барды. Аталған тасымалдаушы №5, 11, 12 және 38 бағыттарға қызмет көрсетеді. Компанияда 40 автобус бар, ертеңнен бастап желіге қосымша 12 жаңа көлік шығарылады. Осылайша, кәсіпорын алғашқылардың бірі болып автопаркін толық жаңартты.
Қол жеткізілген нәтижелер мемлекеттік қолдау мен субсидиялау тетіктерінің арқасында мүмкін болды. Бұл қоғамдық көлікті жүйелі түрде жаңартуға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 1 маусымнан бастап екі жаңа бағыт іске қосылады. Олар облыстық аурухана, №1 емхана, триатлон-парк, бокс мектебі, футбол академиясы және индустриалды аймақты қамтиды. Жаңа бағыттар қала тұрғындары мен қонақтарының қатынауын одан әрі ыңғайлы етеді.