
Аппараттық кеңесте су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері жан-жақты қаралды. Көктемгі кезеңдегі ықтимал қауіптердің алдын алу және инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Ағымдағы жыл басынан бері қала көшелерінен 200 мың тоннадан астам қар шығарылды. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 96 мың тоннаны құраған. Қар көлемінің айтарлықтай артуы алдын алу жұмыстарын күшейтуді талап етеді.
Дайындық аясында нөсер және дренаж желілерінің өткізу қабілетін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бірқатар шағын аудандар мен жеке сектор аумақтарындағы нөсер кәріз жүйелерінің жай-күйі ерекше бақылауға алынған. Дренаж жүйелері штаттық режимде жұмыс істеуде.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Нөсер кәріздері мен су бұру жүйелерін күтіп ұстау және жедел қызмет көрсетуді ұйымдастыру бойынша міндеттер жүктелді.
Мердігер ұйымдарға қар шығару жұмыстарын күшейтілген қарқынмен жалғастыру тапсырылды. Басқарушы компаниялар мен бизнес субъектілеріне өз аумақтарындағы қарды уақытылы тазалау және шығару қажеттігі ескертілді.