Аппараттық кеңесте Қостанай қаласының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды. Есепті кезеңнің нәтижелері бойынша қалада негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімі байқалады.
Қалада өнеркәсіптік өндіріс, инвестициялық белсенділік, құрылыс саласы, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда қарқынды дамуда. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 трлн теңгеге жуықтады. Қала экономикасының негізін өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде машина жасау саласы құрайды. Бір жыл ішінде 92 мыңнан астам автокөлік пен коммерциялық техника өндірілді, ауыл шаруашылығы техникасы мен азық-түлік өнімдерін шығару көлемі артты.
Қала экономикасына 384,5 млрд теңге инвестиция тартылды, оның шамамен 90 пайызы жеке инвестициялар. Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 2,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. 2025 жылы 336,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл облыс бойынша жалпы тұрғын үй енгізудің 65 пайызынан астамын құрайды.
Қала халқының саны 276 мың адамнан асты және өсуін жалғастыруда. Бұл Қостанай қаласының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын, сондай-ақ оның өмір сүру, еңбек ету және инвестиция салу үшін тартымды қала екенін айқын көрсетеді.