
Бүгін «Аэропорт» шағынауданында абаттандыру және аумақты одан әрі дамыту мәселелеріне арналған көшпелі кеңес өтті. Кеңес барысында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы қаралды.
Алдымен №29 мектеп аумағын абаттандыру бойынша екі жылдық жобаның алғашқы кезеңінің аяқталғаны хабарланды. Биыл кешенді көгалдандыру жүргізіліп, 500-ге жуық ағаш пен көпжылдық гүлдер отырғызылған. Келесі жылы жобаның жалғасы ретінде қосымша балалар ойын алаңдары, спорттық алаңдар және шағын сәулет нысандары орнатылатын болады.
Сонымен қатар шағынауданда жалпы ауданы шамамен 10 мың шаршы метр болатын заманауи сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы жалғасуда. Орталықта супермаркет, отбасылық және балалар демалыс аймақтары, фитнес-зал, фуд-корт және кино залдары қарастырылған. Нысан іске қосылғаннан кейін 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындар мен қонақтар үшін жаңа демалыс алаңы пайда болады
Аудан аумағында жер асты суларының деңгейін бақылауға мүмкіндік беретін дренаж жүйесін салу жұмыстары да толық аяқталғаны атап өтілді.
Кеңесте «Тарелочка» көлінің жағдайы бөлек қаралды. 2017 жылы көл жағалауы абаттандырылғанымен, су айдынына тазарту жұмыстары жүргізілмеген. 2023 жылдан бері облыстық бюджет есебінен Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы екі рет конкурс өткізген, алайда мердігерлер жұмысты орындамаған. Осыған байланысты кеңес барысында бөлінген қаражат есебінен көлді абаттандыру жұмыстарын 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін аяқтау туралы шешім қабылданды.
Жиын соңында жауапты мекемелерге жұмыстардың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.