
Республика күні мемлекеттік мерекесі қарсаңында Қостанай қаласындағы «Мирас» мәдениет сарайында «Отаным менің – Қазақстаным» атты салтанатты іс-шара өтті.
Республика күні – ел тәуелсіздігінің, бірліктің және жасампаз еңбектің символы. Бұл мереке ел мен қаланың дамуына өз үлесін қосып жүрген әрбір қостанайлықтың еңбегін айшықтайды.
Іс-шара барысында коммуналдық кәсіпорындар қызметкерлері, бизнес қауымдастығының өкілдері және мемлекеттік қызметшілер ұзақ жылғы адал еңбегі үшін облыс және қала әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сондай-ақ осы күні Республика күніне орай ұйымдастырылған «Халық сапасы» байқауының қорытындылары шығарылды. Байқауды қалалық «Наш Костанай» газетінің редакциясы ұйымдастырды. Жеңімпаздар қостанайлықтардың ашық дауыс беруі арқылы анықталды. Қала тұрғындары кәсіпкерлер ұсынған тауарлар мен қызметтердің сапасын бағалап, үздіктерді таңдады. Әрбір жеңімпаз өз еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында тұрғындардың құрметі мен сеніміне ие болды.
Салтанатты жиын соңында барлық қостанайлықтарға және қала қонақтарына Республика күнімен құттықтау сөздері жолданып, мықты денсаулық, татулық, береке және жаңа жетістіктер тіленді.