Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндубаев көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарда көшпелі кеңес өткізді.
2019 жылдан бері қалада 168 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды. Биылғы жылы тағы 20 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде 12-сі ағымдағы, ал 8-і күрделі жөндеуден өтуде.
Күрделі жөндеу аясында қасбеттер мен шатырлар толық жаңартылып, балкондар әйнектелуде. Ағымдағы жөндеу кезінде қасбеттер сырланып, балкондар бірыңғай сәулеттік стильде әйнектеліп, сәндік жарықтандыру орнатылуда.
Сонымен қатар, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан кәсіпкерлер өз нысандарының кіреберіс топтары мен қасбеттерін жаңартып, қаланың заманауи әрі келбетті бейнесін қалыптастыруға үлес қосуда.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі ТҮКШ бөліміне – қасбеттері жөнделген үйлердің айналасындағы аумақтарды абаттандыруды, ал тұрғын үй қатынастары бөліміне – барлық жөндеу жұмыстарын 20 қазанға дейін толық аяқтауды тапсырды.