Бүгін қала әкімдігі өкілдері мердігер ұйымдармен бірге қала көшелерін аралап, жол жөндеу жұмыстарының қарқыны мен сапасын тексерді.
Биыл Қостанайда жалпы ұзындығы 45 км болатын 90 жол учаскесі жөнделуде. Қазіргі таңда жұмыстардың шамамен 80%-ы аяқталды, қалғаны қазан айының соңына дейін толық бітіру жоспарланған.
Тамыз айының басында Назарбаев даңғылының жөндеуі аяқталды: 3,2 км жол жамылғысы жаңартылды, көпір астындағы бөлігі 4 жолақтан 6 жолаққа дейін кеңейтілді.
Өткен жылы жеке меншікке тиесілі болған Рабочая көшесіндегі жол телімі қоғамдық пайдалануға қайтарылған еді. Биыл мұнда 400 метр жол жөнделді: жаңа асфальт төселіп, жиектер орнатылды, тротуарлар салынды, жарықтандыру мен жол белгілері қойылды. Бұл жол Назарбаев даңғылына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтты.
Қыркүйек айында Гоголь – Рабочая көшелерінің аралығындағы Сьянов көшесін қайта жаңғыртуға арналған екі жылдық жоба аяқталады.
«Жаңа қала» ауданында негізгі көшелер – Фролова мен Нариманов көшелерінде қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Фролова көшесінде (Абай даңғылынан Баймағамбетов көшесіне дейін) жолдың ені 7 метрден 14 метрге дейін кеңейтіліп, екі жолақты қозғалыс ұйымдастырылуда, жарықтандыру орнатылып, 48 орындық автотұрақ салынуда. Нариманов көшесінде (Абай – Алтынсарин көшелерінің аралығында) жол 7 метрден 10,5 метрге дейін кеңейтіліп, инженерлік желілер ауыстырылуда, жарықтандыру орнатылып, 66 көлікке арналған тұрақ жолағы жасалуда.
Сонымен қатар биыл қалада 52 аула жөнделді. Қостанайдағы 550 ауланың 515-і (94%) жаңартылды. Келер жылы қалған аулалар толықтай абаттандырылмақ.
Бағдаршамдар да жаңғыртылуда. Қазір қалада олардың саны – 155, соның ішінде 98-і жаңа, ал 119-ы АСУДД жүйесіне қосылған. Қостанайда алғаш рет пилоттық режимде «Яндекс.Карталар» бағдаршам сигналдарын нақты уақыт режимінде көрсете бастады. Бұл жаңашылдық жүргізушілерге қозғалысты алдын ала жоспарлауға және жол-көлік оқиғаларын азайтуға көмектеседі.