2025 жылы көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарды қолдау: жәрдемақылардың жаңа мөлшері мен қамтылу көлемі

2025 жылы көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарды қолдау: жәрдемақылардың жаңа мөлшері мен қамтылу көлемі

Ағымдағы жылдың маусым айында аталған төлемдермен 867,4 мың адам қамтылды, жалпы сома – 51,3 млрд теңге. Оның ішінде:

  • көпбалалы отбасыларға – 623,5 мың отбасыға 44,8 млрд теңге,
  • марапатталған аналарға – 243,9 мың адамға 6,5 млрд теңге төленді.

Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

2025 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады:

  • 4 баласы бар отбасыға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
  • 5 баласы бар – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
  • 6 баласы бар – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
  • 7 баласы бар – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңгеден төленеді.

Марапатталған аналарға арналған жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған әйелдерге тағайындалады.

Аталған аналарға ай сайын мынадай мөлшерде жәрдемақы төленеді:

  • «Күміс алқа» иегерлеріне – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
  • «Алтын алқа», «Батыр ана» атағын алған немесе «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталғандарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалары бар отбасыларға арналған барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 6,5%-ға арттырылды.