Қостанайда қаланың негізгі көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді

Қостанайда қаланың негізгі көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді

            Қостанай қаласында мердігер ұйымдардың қатысуымен бірқатар көшелерге аралау жүргізіліп, жол жөндеу жұмыстарының қарқыны мен сапасы тексерілді.Еске салсақ, 2025 жылы Қостанайда 90 жол учаскесін жөндеу жоспарланған. Басым бағыттардың бірі — Назарбаев даңғылы. Қайырбеков көшесінен Дөненбаева көшесіне дейінгі ұзындығы 3,2 шақырым болатын бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол өткелі тұсында қозғалыс бөлігінің ені кеңейтіліп, қозғалыс жолағы 4-тен 6-ға дейін көбейеді — әр бағытта үш жолақ болады.

            «Жаңа қала» шағынауданында Фролов және Нариманов көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

            Фролов көшесінде Абай даңғылынан Баймағамбетов көшесіне дейін жол ені 7 метрден 14 метрге дейін кеңейтілуде. Қос жолақты қозғалыс ұйымдастырылып, жарық шамдары орнатылады және 48 көлікке арналған тұрақ алаңы салынады.

            Нариманов көшесінде Абай даңғылынан Алтынсарин көшесіне дейінгі бөлікте жол ені 7 метрден 10,5 метрге дейін кеңейтіледі. Инженерлік желілер жаңартылып, жаңа көше шамдары орнатылады. Екі жақтан 66 автокөлікке арналған тұрақ жолақтары қарастырылған.

            Орташа жөндеу жұмыстары Әл-Фараби даңғылында да жүргізілуде — Баймағамбетов көшесінен Майлин көшесіне дейінгі 1,4 шақырымдық бөлікте. Мұнда асфальт жабындысы жаңартылып, жаяу жүргіншілер аймақтары абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. «Балалар әлемі» сауда орталығының маңында қосымша 20-дан астам автотұрақ орындары жасалады.

            Темірбаев көшесінде, теміржол вокзалы ауданы тұрғындарының өтініші мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа жаяу жүргінші өткелі салынады. Бұл жерде жол белгілері орнатылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі және жол таңбалары сызылатын болады.

            Барлық мердігер ұйымдарға жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.