Қаладағы жол жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді

Қаладағы жол жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді

Қостанай қаласының әкімі жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Ағымдағы жылы қалада жалпы ұзындығы 45 шақырымнан асатын 90 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 80 көше орташа жөндеуден өтсе, 3 көшеде реконструкция, ал 7 көшеде ағымдағы жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар 49 аула аумағын абаттандыру көзделген.

Басты жобалардың бірі — «KIA» зауытына апаратын кіреберіс жолдың құрылысы. Бұл жұмыстарды «Арвис» ЖШС мердігер ұйымы 2023 жылдың шілде айында бастаған. Жоспар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылғы қазан айында аяқталуы тиіс. Алайда мердігер нысанды 2024 жылдың тамыз айында мерзімінен бұрын тапсыруды көздеп отыр. Жоба аясында ұзындығы 4,5 шақырым жол, нөсерлі кәріз жүйесі мен көше жарығы қарастырылған. Қазіргі уақытта 3,2 шақырым асфальтбетон жабыны төселіп, нөсерлі кәріз жүйесінің 95 пайызы аяқталған.

Тамыз айында ұзындығы 2 шақырым болатын Сьянов көшесінің (Гоголь көшесінен Рабочая көшесіне дейінгі аралық) реконструкциясы аяқталмақ. Жоба аясында 11 жол қиылысы, 154 кіреберіс, 258 метр нөсерлі кәріз, 143 метр жылу магистралі мен сыртқы жарықтандыру желісі орнатылады.

Назарбаев даңғылының Қайырбеков көшесінен Доненбаева көшесіне дейінгі бөлігінде ұзындығы 3,2 шақырым орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл учаскедегі жол өткелінің астында қозғалыс жолағы 4 жолақтан 6 жолаққа дейін кеңейтіледі. Жөндеу жұмыстарын биылғы 20 шілдеде аяқтау жоспарланған.

Шілде айының соңына дейін Шевченко көшесінде (Байтұрсынов көшесінен Алтынсарин көшесіне дейінгі аралық), бұрынғы «Салтанат» базары орналасқан аумақта, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Жолдың ені 6 метрден 18 метрге дейін кеңейтіліп, 4 қозғалыс жолағы, автотұрақтар, тротуарлар және жарықтандыру жүйесі орнатылады.

Қала басшылығы мердігер ұйымдардың назарын жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуына аударды.