Мемлекеттік қызметші күні мен Полиция күніне орай Қостанай қаласының әкімі барша мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол азаматтардың игілігі үшін атқарып жүрген жанқиярлық еңбектері үшін алғысын білдіріп, қоғам алдындағы жауапты қызметтерін ерекше атап өтті.
Мереке аясында қала әкімдігі мен полиция басқармасының қаланың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген қызметкерлері құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапатталды. Марапатталғандардың арасында мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп, жас мамандарға үлгі болып жүрген тәжірибелі кадрлар көп.
Әкім өз сөзінде бүгін кәсіби мерекесін атап өтіп жатқан полиция қызметкерлерінің ерекше рөлін де атап өтті. Қалалық полиция басқармасында бүгінде 800-ден астам қызметкер еңбек етуде. Олардың қатарында күнделікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты учаскелік инспекторлар да бар.
Қала әкімдігі соңғы жылдары полиция органдарымен материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Атап айтқанда, соңғы екі жыл ішінде 4 учаскелік полиция пункті күрделі жөндеуден өтті, «Қонай» шағын ауданында жаңа пункт үшін ғимарат сатып алынды, ал биыл «Аэропорт» шағын ауданында тағы бір пунктке арналған ғимарат сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, жақын арада 10 учаскелік пункт пен 6 стационарлық бекетке жөндеу жұмыстары басталмақ, ал патрульдік полицияға арналған казарма құрылысы жалғасуда.
Әкім алдағы уақытта да полиция мен мемлекеттік қызметтің сапалы атқарылуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатынын жеткізді.
Сөз соңында қала басшысы Қостанай қаласының барлық мемлекеттік қызметшілері мен полиция қызметкерлеріне зор денсаулық, амандық, кәсіби табыс пен отбастарына береке тіледі.