«Әуежай» шағын ауданында абаттандыру және аумақты одан әрі дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өтті.  

«Әуежай» шағын ауданында абаттандыру және аумақты одан әрі дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өтті.   

Маусым айынан бастап аталған ауданда жер асты суларының деңгейін тиімді бақылауға және оларды «Тарелочка» көліне ағызуға мүмкіндік беретін дренаж жүйесін орнату жұмыстары басталды. Жоба аясында ұзындығы 1,5 шақырымнан асатын жер асты және жер үсті суларын жинау желілері қарастырылған. Жұмыстарды 10 тамызға дейін аяқтау көзделіп отыр.

Шағын ауданда жалпы ауданы 23 мың шаршы метрді құрайтын жаңа заманауи сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы белсенді жүргізілуде. Орталықта кинотеатр, супермаркет, балалар мен отбасылық демалыс аймақтары, сұлулық салондары, фудкорттар және басқа да қызмет көрсету нысандары орналасатын болады. Орталықтың ашылуы 2026 жылдың соңына жоспарланған. Бұл жоба 150-ден астам жаңа жұмыс орнын ашып, шағын аудан тұрғындары мен қала қонақтары үшін заманауи демалыс орнына айналады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес №29 мектептің аумағын кешенді абаттандыру жұмыстары басталды. Жобада көгалдандыру, көпжылдық гүлдер мен көшеттер отырғызу, демалыс орындарын жабдықтау, балалар және спорт алаңдарын салу, сондай-ақ шағын архитектуралық формаларды орнату көзделген. Барлық нысандар аудан тұрғындары үшін қолжетімді болып, белсенді әрі отбасылық демалысқа арналған жаңа кеңістікке айналмақ.

Сондай-ақ ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын екі өткелі бар Герасимов көшесінің жөндеу жұмыстары аяқталды. 10 шілдеге дейін аулалар аумағын ретке келтіру жоспарланған.

«Тарелочка» көлінің жағдайы әлі де шешілмеген күйінде қалып отыр. Жоба 2023 жылдан бері облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының құзырында. Қазіргі уақытта мердігер ұйым тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Осыған байланысты облыс әкіміне жұмысты жеделдету бойынша нақты ұсыныстар жолданбақ.

Биыл «Аэропорт» шағын ауданында екі маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға берілді: заманауи мектеп және бүгін ғана ашылған 280 орындық жаңа балабақша.