Қостанай қаласындағы абаттандыру және сәулет талаптарының сақталуы қаралды

Қостанай қаласындағы абаттандыру және сәулет талаптарының сақталуы қаралды

2024 жылдан бастап қалада 1 400-ден астам абаттандыру және сәулет талаптарының бұзылу фактілері анықталды. Анықталған барлық құқықбұзушылықтар бойынша ескерту берілді. Әсіресе қаланың орталық бөлігінде абаттандыру ережелерін қатаң сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қолжетімді орта құрудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл ретте заманауи талаптарға сай ыңғайлы пандустардың, кіреберіс топтардың және бекітілген Дизайн-кодқа сәйкес келетін көрнекі маңдайшалардың болуы міндетті екені айтылды.

Оң тәжірибе ретінде келесі нысандар аталды: Абай және Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан «Перекрёсток» дәріханасы, «Fix Price» дүкендер желісі, Толстой көшесіндегі «Юпитер» фотосалоны, қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын қалған «Дастархан» базары және қасбеті жаңартылып жатқан «Айналайын» дүкені.

Абаттандырудың маңызды элементтерінің бірі — түнгі уақытта ғимараттар мен құрылыстардың сәулеттік жарықтандырылуы. Мұндай шешімдер нысандардың сәулеттік келбетін айқындап қана қоймай, қала кеңістігінің жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді.

Қала аумағында, соның ішінде орталық бөлігінде де, жер учаскелерін өз бетінше иемдену фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда. Аталған құқықбұзушылықтардың алдын алу және жою бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Сәулет бөліміне нысан иелерімен өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ қасбеттерді қолданыстағы Дизайн-код пен абаттандыру талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстарды жандандыру тапсырылды.