Бүгін мердігер ұйыммен және қалалық коммуналдық қызметтермен бірге «Жаңа қала» шағын ауданындағы Нариман және Фролов көшелерінің қайта жаңғыртылуы жоспарланған учаскелерін аралап, көшпелі кеңес өткізілді.
Фролов көшесінде, Абай даңғылы мен Баймағамбетов көшесінің аралығында ұзындығы 726 метр болатын жол учаскесін жөндеу көзделген. Жоба аясында жүріс бөлігі 7 метрден 10,5 метрге дейін кеңейтіледі, екі жолақты қозғалыс ұйымдастырылады, заманауи жарық шамдары орнатылады. Сонымен қатар, көлік тұрағы жолағы мен 48 автотұрақ орны қарастырылған.
Нариман көшесінде бастапқыда Абай даңғылынан Баймағамбетов көшесіне дейінгі бүкіл бөлікке қайта жаңғырту жүргізу жоспарланған болатын. Алайда қазіргі таңда жобадан Алтынсарин көшесінен Баймағамбетов көшесіне дейінгі аралықты алып тастау туралы шешім қабылданды — бұл жасыл желектерді сақтауға және инженерлік желілерге зақым келтірудің алдын алуға мүмкіндік береді.
Осылайша, қайта жаңғырту жұмыстары Абай даңғылынан Алтынсарин көшесіне дейінгі учаскені қамтиды: жүріс бөлігі 7 метрден 14 метрге дейін кеңейтіліп, инженерлік желілер жаңартылып, жаңа көше шамдары орнатылады. Көшенің екі жағынан көлік тұрағы жолағы салынып, 66 автотұрақ орны қарастырылған.
Атқарылатын жұмыстар «Жаңа қала» тұрғындары үшін, әсіресе көлік тұрағы мен жол жүктемесі өзекті болып отырған жағдайда, жолдардың өткізу қабілетін арттырып, қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді деп сенеміз.