Мемлекеттік меншікке жататын жер учаскелерінде өз бетінше орнатылған жылжымалы сауда нысандарын ретке келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Соңғы уақытта облыс орталығында 450-ден астам дүңгіршек пен павильон бұзылып, олардың қатарында Победа көшесіндегі Орталық базар маңы мен Шевченко көшесінің бойындағы нысандар бар. Бұл шаралар жол жүру бөлігін және жаяу жүргіншілер жолын босату мақсатында қабылданды.
2024 жылдың басынан бері уәкілетті органдарға мақсатсыз пайдаланылған немесе өз бетінше иеленіп алынған 122 жер учаскесі бойынша материалдар жолданды.
Жарнамалық құрылымдарға мониторинг жалғасуда. Қала аумағында орнатылған 237 нысанның көпшілігі белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Бүгінгі таңда 24 жарнама құралы алынып тасталды, тағы 15-і демонтаждау сатысында.
Конструкциялар орнатылған жер учаскелеріне қатысты 19 іс сотта қаралды — олардың басым бөлігі бойынша шешім қала әкімдігінің пайдасына шығарылды, екі іс бойынша сот талқылауы жалғасуда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 13 жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Қазіргі заманғы көрнекі ақпарат құралдарын пайдалануға мүдделі жарнама агенттіктерімен ынтымақтастық жалғасатын болады.