Кулактарды, байларды, жартылай феодалдар мен шаруаларды толық ақтау аясындағы ақпарат және жұмыс тәжірибесімен бөлісу семинары.

Кулактарды, байларды, жартылай феодалдар мен шаруаларды толық ақтау аясындағы ақпарат және жұмыс тәжірибесімен бөлісу семинары.

Қостанайда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссияның қатысуымен кулактарды, байларды, жартылай феодалдар мен шаруаларды толық ақтау аясындағы ақпарат және жұмыс тәжірибесімен алмасуға арналған аймақтық семинар өткізілді. Аталмыш іс-шараны республикалық жобалық кеңсе Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған.
Семинардың басты мақсаты саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үрдісімен байланысты тәжірибе, әдіс-тәсілдермен бөлісу, зерттеудің сындарлы бағыттарын анықтау және қуғын-сүргін құрбандары есімдерінің базасын одан әрі қалыптастыруды жалғастыру мәселелерін талқылау болды.
Семинарды модератор - саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық жобалық кеңсенің төрағасы Сабыр Қасымов ашып, мемлекеттік комиссия тарапынан қазіргі кезеңде жүргізіліп жатқан жұмыстар мен басымдықтар туралы айтып өтті.
«Біздің басты міндетіміз - байлардың, кулактардың, жартылай феодалдар мен шаруа шаруалардың нақты санын анықтау, қуғын-сүргін жылдарында зардап шеккендерді ақтауды жалғастыру. Бізге сол уақытта осы санаттағы 50 мыңнан астам адамның зардап шеккені белгілі. Осы орайда, құрбандарды есептеудің ғылыми-негізделген кестесін әзірлеуіміз қажет», - деді Сабыр Ахметжанұлы.
Бүгінде Қостанай облысының комиссиясы тарапынан ведомстволық және ашық қорларды жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте, Қостанай облысының қала мен аудандарында мемлекеттік кітапхана, мұражай қызметкерлерінен құрылған өңірлік жұмыс топтарының көмегі зор.
Семинар барысында жұмыс тобының жетекшісі, облыстық комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Серікжан Исмаилов Қостанай облысының тәжірибесімен бөлісті.
«Бірлескен жұмыстың арқасында 67 ірі бай, 11 бұрынғы болыс басқарушылары туралы мұрағаттық мәлімет анықталды. Барлық деректер Қостанай облысы полиция департаменті, сондай-ақ Қостанай облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитеті басқармасының арнайы мұрағаттар қорларындағы мәліметтермен салыстырылды.
Сонымен қатар, менің әріптестерім Тюменьге жер аударылған, Меңдіқара ауданындағы мал-мүлкі тәркіленген бай ауылының орналасқан жерін тапты. Бүгінде архивтер мен қойма кітаптары зерттелуде», - деді Серікжан Исмаилов өз сөзінде.
Жалпы, семинар барысында қатысушылар республикалық деңгейде, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.