
Қостанай қаласында мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру саласының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен өңір жастарын біріктірген «Жас қолдаушы» форумы өтті. Іс-шара құқық бұзушылықтың алдын алу және тәуекел тобындағы жастарды қолдау мәселелерін талқылауға арналды.
Форумның негізгі оқиғасы жастардың тұрақты өмірлік бағдарларын қалыптастыруға және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға бағытталған пилоттық жоба — өңірлік Тәлімгерлер клубының іске қосылғаны туралы жариялануы болды. Бұл бастама жасөспірімдер мен оларды қолдауға дайын тәлімгерлер арасында сенімді диалог орнатуға, уақтылы көмек көрсетуге және сүйемелдеуге бағытталған.
Тәлімгерлер клубының тұжырымдамасы мазмұнды бос уақытты ұйымдастыруды, жастарды спорттық, әлеуметтік және қоғамдық белсенділікке тартуды, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері, педагогтер, психологтар, жаттықтырушылар және азаматтық қоғам өкілдері қатарынан тағайындалған тәлімгерлермен тұрақты кездесулер өткізуді көздейді. Жобаның пилоттық форматы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін пысықтауға және алдағы уақытта табысты тәжірибені облыстың басқа аумақтарына кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Жас қолдаушы» форумы «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында жастармен жүйелі жұмыс жүргізудегі маңызды қадамға айналды, ал Тәлімгерлер клубының іске қосылуы — заңдылықты нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және өңір жастарының белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған практикалық құрал болды.