Қостанай облысында ҚХА-ның 33-сессиясы өтті

Қостанай облысында ҚХА-ның 33-сессиясы өтті

Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облыстық 33-сессиясы өтті. Бұл маңызды шара Ассамблеяның құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, депутаттар, жастар қозғалысының белсенділері, оқытушылар, Аналар кеңесінің мүшелері және өзге де қоғам қайраткерлері қатысты.
Сессияның ашылуында Ассамблеяның үш онжылдық ішінде қоғамдық келісім, бірлік пен тұрақтылықтың маңызды институтына айналғаны атап өтілді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірлік пен тұтастық, диалог, өзара құрмет пен сенім, азаматтық жауапкершілік – бұл біздің еліміздің алға жылжуының мызғымас негіздері» деп әрдайым атап өтеді. Осы құндылықтар сессияда көтерілген мәселелердің негізіне айналды.
Күн тәртібінде этномәдени бірлестіктердің қызметі, облыстық Ассамблеямен өзара әрекеттесу жөніндегі депутаттық топтың жұмысы, полимәдени диалогты нығайту бағытындағы мемлекеттік саясатты ілгерілету, сондай-ақ жастардың ҚХА жобаларына қатысуы сияқты өзекті тақырыптар қаралды.
Сессияда өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Рихсибай Абдурахманұлы Мамедов, «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының және Аналар кеңесінің мүшесі Гайния Калимжанқызы Есеева, «Мәміле» қазақ тілін үйрету бағдарламасының оқытушысы Дмитрий Сергеевич Ромащенко және «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсендісі Дениз Тимаев сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында этносаралық ынтымақтастықты дамыту, азаматтық бірегейлікті нығайту және көпэтносты ортада қазақ тілін ілгерілету саласындағы табысты тәжірибелерімен бөлісті.
Сессия аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ассамблея. Парламент. Мәслихат» жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба билік өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен өңір халқы арасындағы өзара байланысты күшейтуге бағытталған.
Қостанай облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Құмар Іргебайұлы Ақсақалов сессия қатысушыларына белсенді азаматтық ұстанымдары мен ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Ол өңірде жастар бастамаларын қолдауға, мемлекеттік тілді ілгерілетуге, қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асыруға және ұлтаралық тұрақтылықты сақтауға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Іс-шара соңында «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медальдарын тапсыру салтанаты өтті.