
Елде құнды кадрларды тарту мақсатында шетелдік мамандарды жұмысқа орналастырудың оңайлатылған тәртібі қолданылады. Аталған тізбеге 50-ден астам сұранысқа ие кәсіп енгізілген. Олардың қатарында ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, инженерия және креативті индустрия салаларындағы жоғары білікті мамандар бар.
Осы тізбеге сәйкес келу жоғары білікті шетелдік мамандарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын береді және басым салаларға кадрларды тарту құралы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің деректері бойынша, 2026 жылдың басынан бері бірқатар кәсіптер бойынша тапшылық сақталуда.
Атап айтқанда, Enbek.kz порталының деректері бойынша, «акушер-гинеколог» кәсібі бойынша 469 бос жұмыс орнына 100 түйіндеме, «педиатр» бойынша 448 бос жұмыс орнына 139 түйіндеме, «анестезиолог-реаниматолог» бойынша 300 бос жұмыс орнына 75 түйіндеме келеді. Сондай-ақ онкологтар, неонатологтар және эндокринологтар арасында да тапшылық байқалады.
Сонымен қатар ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарға — қолданбалы бағдарламашыларға 509 бос жұмыс орны және графикалық дизайнерлерге 355 бос жұмыс орны жарияланған.
Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің деректері бойынша, сұранысқа ие кәсіптер бойынша 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалған. Ең көп үлес бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілерге — шамамен 8 мың, акушер-гинекологтарға — 4,6 мың, педиатрларға — 4,1 мың және қолданбалы бағдарламашыларға — 3,5 мың еңбек шартына тиесілі.
Бұл ретте шетелдік жұмыскерлерге 55 еңбек шарты ресімделген, олардың басым бөлігі «автоматтандыру жөніндегі инженер» кәсібі бойынша жасалған.
Салыстыру үшін, 2025 жылы Enbek.kz порталында сұранысқа ие кәсіптер бойынша 9 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Ең жоғары сұраныс сол кезде де медицина мамандарына тіркелген.
Алынған деректер отандық еңбек нарығы сұранысқа ие кәсіптердің көпшілігі бойынша мамандарға деген қажеттілікті жалпы қамтамасыз етіп отырғанын, алайда денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы тұрақты түрде сақталып отырғанын көрсетеді.