Еңбек демалысының ұзақтығы қалай анықталады?

Еңбек демалысының ұзақтығы қалай анықталады?

Жыл сайынғы ақылы демалыс жұмыскерлерге демалыс, күш-қуатын қалпына келтіру, денсаулықты нығайту және жеке істерді шешу үшін беріледі. Оның ең аз дегендегі ұзақтығы – 24 күнтізбелік күн. Демалыстың ұзағырақ уақыты ҚР Еңбек кодексіне, басқа да нормативтік құқықтық актілерге, еңбек немесе ұжымдық шартқа, сондай-ақ жұмыс берушінің ішкі құжаттарына сәйкес көзделуі мүмкін. Бұл ретте жұмыскердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады.
Жеке санаттар үшін демалыс ұзақтығының мысалдары мынадай:
Педагогтерге — «Білім туралы» Заңға сәйкес 56 күнтізбелік күн;
Азаматтық қызметшілер үшін – Еңбек кодексіне сәйкес 30 күнтізбелік күн;
Мемлекеттік қызметшіге – «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес 30 күнтізбелік күн.
Қосымша демалыстар: ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге – кемінде 6 күнтізбелік күн; I және II топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге – кемінде 6 күнтізбелік қосымша күн беріледі.
Жұмыскерлердің басқа санаттары үшін қосымша демалыс және оның ұзақтығы Қазақстан Республикасының жекелеген заңдарында белгіленуі мүмкін.
Демалыстың ұзақтығы демалыс кезеңіне келетін мереке күндерін есептемегенде күнтізбелік күндерде есептеледі. Бұл ереже ауысым кестесіне немесе жұмыс уақытының режиміне қарамастан қолданылады.