Жұмыс беруші жұмыскердің еңбек жағдайларын және оның жалақысын өзгерте ала ма?

Жұмыс беруші жұмыскердің еңбек жағдайларын және оның жалақысын өзгерте ала ма?

Нормалау және еңбекақы төлеу жүйесі, лауазымдық міндеттерін орындау, жұмыс уақыты мен демалыс режимі, кәсіптер мен лауазымдарды қоса атқару қағидалары, уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін орындау, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша айқындалған өзге де еңбек жағдайлары, жалпы алғанда осының бәрі еңбек жағдайларына жатады.
Еңбек жағдайларының өзгеруі кәсіпорында қайта құруға, экономикалық немесе технологиялық процестердің өзгеруіне, еңбекті ұйымдастыруға немесе жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты өзгерістер болған жағдайда мүмкін болады. Мұндай өзгерістер еңбек шартына міндетті түрде енгізілуге тиіс. Бұл ретте жұмыскер өз мамандығы немесе біліктілігіне сәйкес келетін мамандығы бойынша жұмысын жалғастырады.
Басқа жұмысқа ауыстыруды қоса алғанда, еңбек шартына кез келген өзгерістер немесе толықтырулар жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы қосымша келісім түрінде жазбаша нысанда ресімделеді.
Егер еңбек немесе ұжымдық шартта өзге мерзімдер көзделмесе, жұмыс беруші жұмыскерге еңбек жағдайларының өзгергені туралы өзгерістер күшіне енгенге дейін кемінде күнтізбелік 15 күн бұрын хабарлауға міндетті.