24 қыркүйек күні IQostanay оқушылар сарайында республикалық «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының өңірлік кезеңі жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Г.Ғ. Мұсағазина, Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының м.а. Б.С. Каширбеков, Қостанай облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы И.П. Аронова қатысты.
«Еңбек жолы» байқауы еңбек әулеттері, тәлімгерлер мен жас мамандардың тарихын баяндайды. Биыл оған облыстың 26 кәсіпорын қызметкері қатысты. Байқау үш номинация бойынша өткізіледі: «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас қызметкері».
Жеңімпаздарға естелік мүсіншелер мен ақшалай сыйлықтар табысталды, ал барлық қатысушылар дипломдармен және өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталды.
«Парыз» байқауы тек пайда табуды ғана емес, сондай-ақ маңызды әлеуметтік миссияны да мойнына алатын қамқор кәсіпорындарды атап өтеді. Биыл оған өңірдің 8 жұмыс берушісі қатысты, олардың әрқайсысы құрметке лайық. Байқау төрт номинация бойынша өткізіледі: «Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін».
Бұл байқаулар – өңірдің әр жетістігінің артында адамдар тұрғанын еске салатын маңызды шара. Еңбек ететін, шабыттандыратын, тәлім беретін және қамқорлық көрсететін адамдар.