Жұмыс сапары

Жұмыс сапары
Қостанайлық дәрігерлер мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің делегациясы Қызылорда Медициналық Жоғары Колледжінен оралды. 
     Жаңа кадрлар жасақтауға келген тәжірибелі мамандар - “Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы" Адам ресурстарын басқару және дамыту және ақпараттық-құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Зәуре Жұмабаева, емдеу мекемелерінің басшылары - Самат Шуменбаев ("№2 емхана"), Әміржан Бақытжанов ("№3 емхана"), Қарлығаш Аленова ("Лисаков қалалық ауруханасы"), Владимир Шатерников ("Қостанай аудандық ауруханасы"), ұйымдастыру бөлімінің статистик маманы Ақмарал Нұрғалиева ("Меңдіқара аудандық ауруханасы") және Қостанай облыстық ауруханасының кадрлар бөлімінің бастығы Роза Бектемісова Қостанайда командаға қосылғысы келетін түлектермен кездесіп қайтты.
     «Біз Қызылорда медициналық колледжі түлектерінің білімді жастар екендігіне сенімдіміз. Кәсіби маман бола алатындары анық. Бізде тәжірибелі дәрігерлер мен медбикелер жасақталған» - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Зәуре Жұмабаева.
     Қызылорда медициналық колледжінен кейін біздің дәрігерлер мен облыстық денсаулық сақтау саласының өкілдері аймақтағы медициналық мекемелермен танысып қайтты. Алғашқы болып облыстық ауруханаға табан тіреді. Содан кейін балалар ауруханасына барып, біздің дәрігерлер өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісті. Артынша №3 емхана мен жедел жәрдем станциясына барып, медициналық мекемелердің жоғары қызметіне баса назар аударды.
     Оған қоса, іссапардан қайтар жолда біздің дәрігерлер өз кәсібиліктерін тағы дәлелдеді және ұшақтағы әйелдің өмірін сақтап қалды. Ұшу кезінде жолаушылардың бірі өзін нашар сезіне бастаған және кенеттен есінен танып қалып, жүректің тоқтауы байқалған. Кенеттен орын алған күрделі жағдай дереу шешім қабылдауды талап етті. Барлық дәрігерлер көмекке келді, ал анестезиолог-реаниматолог дәрігер Бақытжанов және оның тәжірибесі осы қиын жағдайда шешуші рөл атқарды. Ол сананың жоғалу себебін тез анықтап, жолаушының жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті процедураларды жүргізе бастады.
Әміржан Серікбайұлының медициналық біліктілігі мен дәрігерлердің үйлесімді іс-әрекеттерінің нәтижесінде, жолаушы біртіндеп өзіне келген. Ұшақ қонғаннан кейін оны Астанадан келген жедел жәрдем мамандары қабылдаған.
     Бұл ұшақ бортында орын алған нағыз ерлік болды және барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері дәрігерге және оның әріптестеріне шеберліктері мен жылдам әрекеттері үшін ризашылықтарын білдірді!