Жобаға барлығы 60 адам қатысты. Алыс ауылдардан жиналған кіл белсенді, оқуда озат, еңбекте табысты ұл-қыздар бір шаңырақ астына бірікті. Жастар төрт топқа бөлініп, әртүрлі тапсырмаларды орындады. Әр топ он бес адамнан жасақталған. Олар қызыл, сары, көк, жасыл түстермен ерекшеленіп, өзара сайысқа түсті.
Жастар жиынының алғашқы күні ресми ашылу салтанатымен басталды. Оған Денисов ауданы әкімінің орынбасары Айгүл Бектемісова қатысып, жастарға жалынды сөздер арнады.
«Жуырда біздің ауданда Қостанай облысының жазғы спартакиадасы өтеді. Мұндай айтулы іс-шараға жастардың қатысқаны маңызды. Сондықтан сіздерді спорт додасыда бақ сынап, аудан намысын қорғауға шақырамын»,-деді Айгүл Бектемісова.
Форум екі күнге ұласты. Алғашқы күні әлеуметтік желіде өзін-өзі ұстау және этика нормалары тақырыбында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Түстен кейін көпшіліктің назарына шығармашылық концерт ұсынылды. Көңілді басқосу тақырыптық би кешіне ұласты. Ал екінші күні флеш моб түріндегі жаттығу өтті. Әскери-патриоттық квест ойыны ұйымдастырылып, медицина мамандары оқыс оқиға кезінде өзіңді қалай ұстау керек екені жөнінде кеңес берді. Кенет аяқ-қолың жарақат алып қалса не істеу керек деген сауалға кәсіби тұрғыда жауап берді. Жарақатты таңудың жолдарын көрсетті. Одан кейін спорттық іс-шаралары ұйымдастырылып, форум соңында қабырғаға үлкен ағаш жабыстырып, жастар соған тілектерін жазды. Форумнан алған әсерлерімен бөлісті. Екі күн бойы аудандық жастар ресурстық орталығының төрт маманы жастардың қасына топтасып, кеңесші болды.
«Адам өміріндегі ең қымбат сәт – жастық шақ. Әр адам жалындап, тынымсыз еңбек етіп, өмірінің негізін қалайтын уақыт бұл. Қазіргі жастар жалындаған жастық шақты құр босқа өткізбей, пайдалы мақсатқа икемдесе деген ниетпен жыл сайынғы жоспарға сәйкес форум өткіземіз. Бұл бастама биыл да жалғасын тауып отыр. Жастар форумы өзінің нәтижесін әлде қашан дәлелдеп қойған. Біз алыстағы ауылдар мен елді мекен ұл-қыздарын ешқашан назардан тыс қалдырған емеспіз. Оларды аудан көлеміндегі маңызды жобаларға жақын тартып, қоғамдық жұмыстарға жұмылдыруға тырысамыз. Біз жастың шақтың әр күнін тиімді өткізіп, пайдалы іске арнауға бағыттаймыз»,-деді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Татьяна Алпысбаева.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті жолдаған Татьяна АЛПЫСБАЕВА
Материал подготовлен районной газетой "Наше время"