
Мерекелік шарада күнделікті еңбегі мемлекеттілікті нығайтуға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жандарға құрмет көрсетілді. Іс-шараға қатысушыларды Бейімбет Майлин ауданының әкімі Қайсар Батырханұлы Мыржақыпов құттықтады. Салтанатты жиын барысында үздік мемлекеттік қызметшілерге, полиция қызметкерлеріне және өз балаларын лайықты тәрбиелеген ата-аналарға аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Құттықтау сөз сөйлеген Бейімбет Майлин ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Жансерік Темірпайұлы Хасанов құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды. Іс-шара аясында ішкі істер органдарымен өзара ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқан азаматтар марапатталып, ведомстволық наградалар табысталды, бір қызметкерге арнайы атақ берілді. Сондай-ақ ардагерлер мен құрметті демалысқа шыққан полиция қызметкеріне құрмет көрсетілді.
Мерекелік көңіл-күйді аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушыларының жарқын концерттік бағдарламасы толықтырды. Көрермендерге патриоттық және лирикалық әндер ұсынылып, Отанға деген сүйіспеншілік, елге қызмет ету және мемлекет пен қоғам мүддесін қорғап жүрген мамандықтарға құрмет тақырыбындағы хореографиялық қойылымдар көрсетілді.