
Аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне және Бейімбет Майлин ауданы орталық аудандық ауруханасының бас ғимаратының 60 жылдығына арналған «60 жыл халық саулығының жолында: Тарихқа тағзым, болашаққа сенім!» атты салтанатты іс-шара өтті.
Медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен аудан әкімі Қайсар Мыржақыпов, аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Галеева, кәсіподақ ұйымының төрайымы Галина Тойғанова және басқа да құрметті қонақтар құттықтады.
Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлері көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және ауданның денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, өмірін халық денсаулығын сақтау ісіне арнаған медицина саласының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Мерекенің маңызды сәттерінің бірі – «Варваринское» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Антон Трухановтың аудандық аурухананың бас дәрігеріне сертификат табыстауы болды.
Салтанатты шара аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының әсерлі концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен ең ізгі мамандық иелеріне деген шынайы ризашылық сезімін сыйлады.