3 қазан күні аудандық Мәдениет үйінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруге өмірін арнаған жандарға алғыс пен құрмет білдіретін мереке – Мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Дәстүрге сай көрермен залында педагогикалық еңбек ардагерлері, мұғалімдер мен тәрбиешілер бас қосты. Аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздардың еңбегінің маңыздылығын және білім беру саласының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Осы күні ұстаздар Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің, облыс және аудан әкімі мен білім басқармасының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды. Ауданның төрт мектебіне сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, педагогикалық еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары тарту етілді.
Мерекенің ерекше сәті – кәсіби жолын жаңа бастаған, өз ісіне адалдығын танытып үлгерген 12 жас мұғалімді ұлықтау болды.
Іс-шараның жалғасы ретінде өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарлама қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, қуанышқа бөледі.