Осы айтулы күні заң мен тәртіптің күзетінде тұрған барлық азаматтарға – учаскелік инспекторларға, жедел уәкілдерге, тергеушілерге, патрульдік қызметкерлерге, криминалист-сарапшыларға, арнайы бөлімшелердің, кадрлық және кезекші қызметтердің мамандарына, сондай-ақ полицияның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған барлық қызметкерлерге шынайы алғысымды білдіремін.
Сіздердің ерліктеріңіздің, табандылықтарыңыздың және адал борыштарыңыздың арқасында азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, көшелер мен үйлердегі тыныштық сақталып отыр. Әрқайсыңыз құқықтық тәртіпті нығайту мен қоғамды қорғау ісіне баға жетпес үлес қосып келесіздер.
Ішкі істер органдарының ардагерлеріне айрықша алғысымды білдіремін – сіздердің тәжірибелеріңіз, мамандыққа деген адалдықтарыңыз бен жас қызметкерлерге үлгі боларлық еңбектеріңіз әрқашан құрметке лайық.
Құрметті полиция қызметкерлері!
Сіздер азаматтардың құқығын қорғау, қылмысқа қарсы күресу, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету сияқты күрделі де абыройлы жолды таңдадыңыздар. Осы мерекелі күні сіздерді тағы да кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қажыр-қайрат, қызметте табыс, отбасыларыңызға амандық пен болашаққа деген сенім тілеймін. Қиындығы мол, бірақ абыройлы еңбектеріңіз әрдайым халықтың құрметі мен сеніміне ие болсын!
Аудан әкімі Қ. Мыржақыпов