АМАНГЕЛДІ АУДАНЫНДА АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА КӨКПАР ОЙЫНЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

АМАНГЕЛДІ АУДАНЫНДА АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА КӨКПАР ОЙЫНЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

АМАНГЕЛДІ АУДАНЫНДА АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА КӨКПАР ОЙЫНЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

      Амангелді ауданы білім бөлімінің Н. Мейірманов атындағы жалпы білім беретін мектебінде мектеп оқушылары арасында  аудандық көкпар жарысы өтті . Екі жүзден астам қазақ ойындарының ішіндегі  кей өңірлерде кенжелеп қалған ұлттық ойын жасөспірімдер арасында алғаш рет ұйымдастырылды.

     Амангелді ауданы білім бөлімінің басшысы М. С. Дихамбаев жас көкпаршыларға сәттілік тілеп, Есір ауылының ақсақалы Сағынтаев Жұмабай бата берді.

    Көкпар Амангелді мен Есір ауылының  екі арасындағы  алаңқайда өтті. Ат спортын дамыту, ұлттық ойын түрлерін мектеп оқушыларына насихаттау мақсатында  өткен көкпарға 15 шабандоз қатынасты.

     «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы ,  «Қазанат» жобасы аясында өткен  ұлттық ойында  мектеп оқушыларын бір топ кәнігі көкпаршылар да  қолдап келді. Ересектер арасында аудандық , аймақтық деңгейде  көкпар ойынын ұйымдастырып , аталған спорт түрін жаңғыртуға үлес қосып жүрген Бағдат Оразұлы  қатысушыларға  ойын барысын, ойналу ерекшеліктерін таныстырды.

    Ойын 10 салым бойынша өткізілді. Көкпар үшін арнайы серке сойылып, ортаға тасталды. Ұлттық ойын барысында Файзолла Әділет, Қабдрахман Азамат, Шөптібай Нұрсұлтан үздік салымшы ретінде көзге түсті.

   Сайыс қорытындысында «Үздік көкпаршы» аталымына Амангелді жалпы білім беретін мектебінің 10 – сынып оқушысы Қабдрахман Азамат ие болса, «Үздік ат» иесі аталымында Сұлтан қасқа сәйгүлігінің иесі  Рамазан Сүндетұлы марапатталды.

    Көкпар – қазақ халқының қанына сіңген қасиеті, дәстүрлі ұлттық ойыны. Жігіттердің күш –жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін , ат құлағындай ойнау шеберліктерін арттыратын ойын аттың қалай бапталып, үйретілгенін, жүйріктігін де бағамдайтын  спорт түрі болып саналады.

   Іс –шара қорытындысында халқымыздан мирас болып келе жатқан көкпар ойынын дамытуға үлес қосқан біқатар көкпаршылар мен демеушілерге білім бөлімінің Алғыс хаттары табысталды.

 

#balademalys2023