
АДАЛДЫҚ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ – ЗАМАНАУИ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІ
«Білім берудегі адалдық – тәрбие жұмысының жаңа бағыты» тақырыбында облыстық семинар өтті
Жангелдин ауданының әдістемелік кабинеті ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының мазмұнын жетілдіруге бағытталған облыстық ғылыми-практикалық семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – білім алушылар арасында адалдық, жауапкершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, заң мен тәртіпті құрметтеу құндылықтарын қалыптастырудың тиімді жолдарын талқылау және озық тәжірибелермен бөлісу.
Іс-шара барысында қатысушылар тәрбие жұмысындағы заманауи әдіс-тәсілдермен танысып, мектептегі адалдық мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, экологиялық мәдениет пен еңбек тәрбиесін дамыту бағыттарындағы тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар «Таза Қазақстан», «Еңбегі адал жас өрен» бағыттары бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар ұсынылды.
Семинар жұмысына Арқалық қаласы, Аманкелді және Жангелдин аудандарының білім беру ұйымдары белсене атсалысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар арасында пікір алмасу, кейс талдау және ортақ ұсыныстар әзірлеу жұмыстары ұйымдастырылды.
Осындай тәжірибе алмасу алаңдары тәрбие жұмысын жүйелеуге, тиімді тәжірибелерді таратуға және білім беру ұйымдарының өзара кәсіби байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Бірлік пен тәжірибе алмасу – сапалы тәрбие жұмысының маңызды негізі!