Ұлы тұлғалар жолы: тәрбие мен құндылықтар сабақтастығы
2026 жылғы 16 сәуірде Қостанай облысының Қарабалық ауданында Мұхамеджан Сералин атындағы мектеп базасында «Ұлы тұлғалар жолы» жобасы аясында «Мұхамеджан Сералин атындағы мектеп – ұлт болашағын қалыптастыру орталығы: адал ұрпақты тәрбиелеу негізінде тәрбие жүйесін жаңарту» тақырыбында мазмұнды форум өтті.
Форумның басты мақсаты – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, тәрбие жұмысының заманауи бағыттарын жетілдіру және адал ұрпақты қалыптастыруға негізделген тиімді тәжірибені тарату болды.
Форум жұмысына Қарабалық ауданының мектеп педагогтері мен басшылары, Қостанай қаласындағы Ахмет Бірімжанов атындағы мектептің өкілдері, сондай-ақ өзге өңірлердің мектептері қатысты. Аталған алаң тәжірибе алмасу мен кәсіби ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кеңістігіне айналды.
Форум құттықтау сөздермен және қазіргі тәрбиедегі рухани мұра сабақтастығы тақырыбын талқылаумен ашылды. Маңызды сәттердің бірі – екі мектеп (Мұхамеджан Сералин атындағы мектеп пен Ахмет Бірімжанов атындағы мектеп) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.
Қатысушылар «Цифрлық әлемдегі адал ұрпақ» және «Ата-ана мен бала: сенімді қарым-қатынас орнату жолдары» тақырыптарындағы тәжірибеге бағытталған workshop-сессияларға белсенді қатысып, жаңа идеялар мен тың көзқарастар алды.
Ерекше назар «TRADITION HUB» – ұлттық дәстүрлер орталығына аударылды. Мұнда әжелер мен әкелер клубтары арқылы отбасылық құндылықтар дәріптеліп, ұлттық ойындар тәрбиелік әлеуетін көрсетті, ал робототехника мен шахмат алаңдары заманауи технологиялар мен ойлау қабілетін дамытуды ұштастырды.
Мектеп директорының «Қазіргі мектептегі патриотизм: жаңа көзқарас» тақырыбындағы баяндамасы мазмұнды әрі маңызды болды. Әскери-патриоттық тәрбие бойынша авторлық бағдарлама аясында шекара қызметімен бірлесіп кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тәрбиелік іс-шараларды өткізуде мектептің түрлі ұйымдармен тығыз ынтымақтастығы атап өтілді.
Іс-шараның символдық қорытындысы ретінде Мұхамеджан Сералин ескерткіші жанында ағаш отырғызу рәсімі өтті – бұл болашаққа қосылған үлес ретінде бағаланды. Сондай-ақ, Мұхамеджан Сералиннің немересімен бейнебайланыс ұйымдастырылып, ұрпақтар сабақтастығының маңызын айқындады.
Қорытынды бөлімде қатысушылар пікір алмасып, ұсыныстарын білдіріп, «Ұлы тұлғалар жолы» облыстық жобасы аясындағы алдағы ынтымақтастық бағыттарын белгіледі.