27 наурыз күні Қостанай облысында 3 локацияда өткен IQanat республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі аяқталды.

27 наурыз күні Қостанай облысында 3 локацияда өткен IQanat республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі аяқталды.

        27 наурыз күні Қостанай облысында 3 локацияда өткен IQanat республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі аяқталды. Олимпиадаға ауылдық жерлерден келген 8-сыныптың 400-ден астам оқушысы қатысты. Іс-шара Әулиекөлдегі Ш. Уәлиханов атындағы мектепте, «Озат» ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында және Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында өтті.

         427 қатысушы облыс бойынша 2900 сегізінші сынып оқушысының ішінен іріктелді. 2-кезеңнің нәтижесі — ең мықты әрі дарынды оқушыларды финалдық кезеңге таңдау. Дәл осы кезеңде республика бойынша 1000 бала анықталады, олардың 70%-ы көпбалалы, толық емес және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан.

          125 финалист Бурабайдың көркем аймағында орналасқан IQanat элиталық мектеп-пансионатында тегін білім алу грантына ие болады. Бұл мектеп халықаралық мектептер кеңесінің мүшесі болып табылады, бұл ондағы білім берудің халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдейді. Тағы 125 оқушы жартылай грант алып, Advance арнайы бағдарламасы бойынша білім алады. Ал қалған 750 финалист IQanat жобасының қатысушылары болады. Олимпиада финалистері келесі 3 жыл бойы бағдарлама қамқорлығында болады. Оларды пәндерді тереңдетіп оқу, ағылшын тілін жетілдіру, ҰБТ мен халықаралық емтихандарға қарқынды дайындық, Қазақстандағы және шетелдегі гранттар мен тағылымдамалар туралы кең ақпарат алу, көшбасшылық және IT дағдыларын дамыту, мотивация мен өзін-өзі ынталандыру, soft skills қалыптастыру, кәсіпкерлік негіздерін үйрену сияқты бағыттарды қамтитын 3 жылдық постолимпиадалық бағдарлама күтеді.

         Осындай сапалы академиялық дайындықтың арқасында IQanat бағдарламасына қатысқан балалардың 94%-ға дейінгісі Қазақстан мен шетелдің үздік университеттеріне грантқа түседі. Қазіргі таңда IQanat түлектері әлемнің 19 елінде білім алуда.

         Екінші жыл қатарынан олимпиаданың ерекшелігі — peer-to-peer (тең-теңімен) форматындағы оқыту бағдарламасы болды. Бұл — IQanat-тың жетекші бағдарламаларының бірі, онда жоғары сыныптағы айқанаттықтар кіші сынып оқушыларымен білім бөлісіп, қолдау көрсетеді. Осы жоба аясында 9–11 сынып оқушылары 8-сыныптарға ағылшын тілі, математика, физика, химия, биология, география және Қазақстан тарихы пәндері бойынша дайындалуға көмектесіп, білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтырды.  

        Тестілеу басталар алдында облыстық тур олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу барысында облыс координаторы Берсагурова Гульнара Сайдулловна қатысушыларды финалдық турға іріктеу жүйесімен, облыстық турдың финалистері атанған жағдайда берілетін мүмкіндіктермен, сондай-ақ Қостанайлық айқанаттықтардың жетістіктерімен таныстырды. Ашылу рәсімінде Қостанай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Сюндикова Данагүл Жаппасбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Рәсімнің соңында еріктілер IQanat гимнін орындады.

       Олимпиада барысында оқушылар логикалық, сыни және кеңістіктік ойлау, математикалық сауаттылық және ағылшын тілі бойынша тапсырмалар орындады. Сонымен қатар облыстық кезең пәндік бағытта өтті: 8-сынып оқушылары өз таңдауы бойынша 6 пәннің бірі бойынша тест тапсырды: математика, физика, химия, биология, Қазақстан тарихы және география.

       Сондай-ақ осы күндері тестілеуден бөлек, 2-кезең қатысушылары үшін IQanat мектебінің оқушысы Құлтаев Аңсар «Мақсатты қалай дұрыс қою және оған жету жолдары» тақырыбында мотивациялық тренинг өткізді, ал волонтерлер «Тезтап» зияткерлік ойынын және спорттық жарыстар ұйымдастырды.

        IQanat олимпиадасына қатысу — оқушыларға зияткерлік қызметтің әртүрлі саласында өз қабілеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін және ауыл мектептерінің оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін беретін маңызды қадам.

 

                                                «IQanat» білім беру қорының аймақтық  үйлестірушісі 

                                                 Берсагурова  Гульнара  Сайдулловна