
Амангелді ауданында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында аудан прокуратурасы ұйымдастырған «Заң мен тәртіп – тұрақтылық кепілі» форумы өтті.
Іс-шараға Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Сахан Төленов, білім бөлімінің басшысы Мұрат Дихамбаев, спорт бөлімінің басшысы Нұрлыбек Әбдіхалықов, сондай-ақ құрметті қонақтар – белгілі спортшылар, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері: қазақ күресінен ҚР Кубогының жеңімпазы Мұрат Тұрмағамбетов; «Амангелді барысы» жеңімпазы, самбодан Азия чемпионы Бекболат Мұқанов; қазақ күресінен ҚР спорт шебері, өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сержан Теміржанов қатысты.
Форум модераторы Амангелді ауданының прокуроры Ерлан Қойбағаров болды. Ашық диалог форматында өткен іс-шара барысында оқушылар спортшыларға сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді.
Форум кезінде «Есірткісіз болашақ - жарқын өмірдің кепілі», «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыптары бойынша баяндамалар жасалды.
Форум соңында ауданның атағын республикалық деңгейде шығарып жүрген спортшыларға Алғыс хаттары табысталды.
Іс-шара аудандық спорт кешеніндегі спорттық жарыстармен жалғасты. Оқушылар арасында волейболдан және үстел теннисінен өткен турнирлердің қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.
#Заң_мен_тәртіп