Қостанай облысының түлектері мектеппен қоштасуда

Қостанай облысының түлектері мектеппен қоштасуда

Қостанай облысының түлектері мектеппен қоштасуда

 

Облыстың 4 700-ден астам он бірінші сынып түлектері оқу жылын аяқтап, мектептерімен қоштасып жатыр.  Олардың ішінде 228 оқушы «Алтын белгіге», 290 түлек үздік аттестатқа үміткер.

23 және 24 мамырда облыс мектептерінде түлектерге арналған салтанатты іс-шаралар өтуде.

 

Қостанай қаласының № 32 жайлы мектебінде тарихи, еске қаларлық сәт, ең маңызды күн – мектептің алғашқы түлектері түлеп жатыр. Бұл күнді оқушылар, олардың ата-аналары мен мұғалімдері асыға күтті.

Облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов: «Сіздер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салынған мектепті бітіріп жатырсыздар. Бүгін мектеппен қоштасып, жарқын өмірлерінің жаңа кезеңі басталады. Армандаудан қорықпаңыздар, бойларыңыздағы күш-қуат, білім мен қолдаудың арқасында тек қана алға ұмтылыңыздар. Сіздер - біздің болашағымыз»,- деп оқушыларға жылы лебізін білдірді.

 

Түлектердің дәстүрлі мектеп вальсі орындалып, оларға мұғалімдер мен ата-аналар ыстық тілектерін жеткізді.

 

Мектеп педагогы Жансая Сүлейманова құттықтауларға қосылды: «Бұл жыл үлкен еңбектің, зерттеулердің, өсу мен дамудың жылы болды. Сіздермен өткізген әрбір күн мағыналы, әр сабақ ерекше болды. Біздің дана халқымыз «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні қараң» деген. Біздің мектепте жасалған жайлы білім беру ортасының арқасында сіздер мектеп қабырғасынан өз-өзіне сенімді, мақсаты айқын және ересек өмірге дайын болып шығады деп сенемін. Ақ жол!».

«Мектеп бізге сапалы білім, саналы тәрбие берді. Біз мұнда теңдеулерді шешіп қана қоймай, мейірімді, сенімді, адал болуды үйрендік. Осындай өмірлік сабақтарды алғаннан кейін біз қазір үлкен өмірге қадам басуға дайынбыз», - деп, мектеп түлегі Бекзат Альхамхаир де өз эмоцияларын бөлісті.

 

Барлық түлектерге қорытынды аттестаттауды сәтті тапсыруды тілейміз! Қымбатты балалар, барлық армандарыңыз орындалсын!