Асыл тұқымды қор: Қостанай облысы мал шаруашылығында өз ұстанымын нығайтуда

Асыл тұқымды қор: Қостанай облысы мал шаруашылығында өз ұстанымын нығайтуда

Қостанай облысында асыл тұқымды мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді және ауыл шаруашылығы саласының басым бағыттарының біріне айналды. Соңғы жылдары бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылды: тұқым сапасы жақсартылды, жаңа заманауи фермалар салынуда,  шетелдік инвестициялар тартылуда, шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай күшейтілуде. Бүгінгі күні облыстағы асыл тұқымды ірі қара мал басы 71 мыңға жуық, оның ішінде сиыр саны 32 мыңға жетіп отыр. Бұл өңірдегі жалпы мал басының 18 пайызын құрайды. Сонымен қатар, облыста 2,6 мың асыл тұқымды жылқы, 8,3 мың шошқа және 13,3 мың қой өсірілуде. Тұқымдық бағытта жұмыс істейтін шаруашылықтар саны артып келеді: қазіргі таңда ірі қара мал бойынша – 340, жылқы бойынша – 38, қой бойынша – 46, ал шошқа бойынша – 7 шаруашылық бар.

Соңғы он жылда облысқа шетелден 7,4 мың бас асыл тұқымды жас мал жеткізілді. Бұл өңір фермерлерінің мал тұқымын жақсартуға, өнімділікті арттыруға деген ұмтылысын көрсетеді.  Тек 2024 жылдың өзінде Қостанай облысына  200 бас сүт бағытындағы асыл тұқымды мал әкелінді. Бүгінгі таңда облыста 24 репродуктор-шаруашылық жұмыс істейді, олар өзге фермерлік қожалықтарды сапалы жас малмен қамтамасыз етіп келеді. 2024 жылы бұл шаруашылықтар 4,5 мыңға жуық бас сатты: оның ішінде 1 741 бас бұқа мен 2 678 қашар бар. Малдың басым бөлігі басқа өңірлерге жөнелтілген, бұл Қостанай тұқымдық малына деген жоғары сұранысты дәлелдейді.

Сапалы тұқым алуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл тұқымдық түрлендіру бағдарламасына 45 мыңға жуық сиыр енгізілді, бұл – облыстағы аналық мал басының үштен бір бөлігін құрайды. Бұл көрсеткіш өңірдегі малдың өнімділігі мен төзімділік сапасының артуын айғақтайды.

Алдағы бірнеше жылда облыста жалпы құны 45 миллиард теңге болатын 11 жаңа сүт фермасын салу және 21 миллиард теңгеге ет бағытындағы 14  инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл бастамалар ет пен сүт өндірісінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, асыл тұқымды мал шаруашылығының жүйелі әрі қарқынды дамуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырады, жаңа жұмыс орындарын ашады және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне нақты үлес қосуда. Мемлекет тарапынан қолдау, фермерлердің белсенділігі мен ұзақ мерзімді инвестициялық жоспарлар Қостанай облысының мал шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге және технологиялық жаңғыртуына берік негіз қалайды.