
2026 жылғы 19 қыркүйекте Қостанай қаласында «Дала дәмі» республикалық жобасы аясында алғашқы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған облыс аудандарының, сондай-ақ Қостанай және Рудный қалаларының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты.
Жәрмеңке Воинов-Интернационалистов және Генерал Арыстанбеков көшелерінің қиылысындағы жабық сауда алаңында өтті. Таңдалған алаң ауа райы жағдайына қарамастан жәрмеңкелер өткізуге және сатып алушылар мен өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Өз өнімдерін 15-тен астам шаруашылық субъектісі ұсынды. Ұсынылған өнімнің жалпы көлемі 19 тоннадан асты. Қала тұрғындарына ет және сүт өнімдері, ұн, жарма және макарон өнімдері, картоп, көкөністер мен жемістер, тауық жұмыртқасы және жергілікті өндірушілердің басқа да өнімдері ұсынылды.
Бұл ретте жәрмеңкеде ұсынылған өнімдердің бағасы орташа нарықтық бағадан 10–15%-ға төмен болды, бұл жоба аясында жәрмеңкелер өткізудің негізгі шарттарының бірі болып табылады.
Сонымен қатар, халықты қолжетімді азық-түлікпен қосымша қамтамасыз ету мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 6 атауы жалпы көлемі 4,5 тонна сатылды.
Алдағы уақытта «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері Қостанай қаласында әр демалыс сайын тұрақты түрде өткізілетін болады. Жәрмеңкелерге облыстың аудандары мен қалаларының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері және қайта өңдеу кәсіпорындары кезекпен қатысатын болады.