
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көтерме азық-түлік нарықтарында тәртіп орнату, оның ішінде тиімсіз делдалдықты болдырмау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында облыста олардың қызметін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Осы мақсатта облыс әкімдігі жұмыс тобын құрып, ағымдағы жылдың 17 сәуірінде «ОРТ» және «Отау Сауда» базарларына жұмыс сапарын жүзеге асырды.
Жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, атап айтқанда сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау, экономикалық тергеп-тексеру, мемлекеттік кірістер, техникалық реттеу және метрология департаменттері, Қостанай қаласы әкімдігі, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, төтенше жағдайлар департаменті және ішкі істер органдары кірді.
Сапар барысында сауда субъектілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауда саласындағы заңнама талаптары қамтылған жадынамалар таратылды. Кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу, сауда үстемесінің шекті мөлшерін (15%-дан аспау) сақтау және баға қалыптастыру тізбегінде делдалдарды болдырмау қажеттігі еске салынды.
Қабылданып жатқан шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға және сауда ашықтығын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.