Үгіт насихат жұмыстары жайлы не білеміз?

Үгіт насихат жұмыстары жайлы не білеміз?

21 қазанда президенттікке кандидаттарды тіркеу аяқталды. Кандидаттарға арнайы куәлік беріліп, олар әр өңірде үгіт насихат жұмысын бастап, 19 қарашаға дейін сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Ал сайлау күні үгіт насихат өткізуге рұқсат берілмейді.  

«Үгіт насихат жұмысын жүргізуде арнайы ғимарат жалға алып, келісімшартқа отырып, өз штабын құрады. Өткізетін уақытын, күнін, орнын алдын ала бекітуі маңызды. Кандидат өзінің қызметтік бабын пайдаланып, қарамағындағы қызметкерлерге өзіне дауыс беруге мәжбүрлей алмайды. Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, лауазымды адамдарға өздерінің қызметтік бабын пайдаланып жұмыс барысында үгіт насихат жұмысын жүргізе алмайды, ал жұмыстан тыс уақытта үгіт жасауға болады. Қарулы күштер және тағы да басқа әскери құрылымдардың  қызметкерлеріне, ұлттық қауіпсіздік органдары, сайлау жөніндегі комиссия мүшелері мен сот төрешілері үгіт насихат жұмыстарын жүргізе алмайды», – деді одақтың мүшесі Ермек Абдрасулов.

Үгіт насихат жұмысын өткізуде кандидаттар өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, жиналыстар өткізеді.

Кандидаттардың насихат жұмыстарында тең жағдай берілуі тиіс. Бұл туралы Ермек Абдрасулов былай деді: «Бұқаралық ақпарат құралдарында барлық кандидатқа бірдей мүмкіндік беріліп, кандидат туралы теңдей ақпарат қамтылуы қажет. Интернет жүйесіндегі ақпараттарда кандидаттар туралы дерек өзгермеуі және сақталуы керек. Кандидаттың үгіт материалдарына қасақана зиян келтіру, яғни алып тастау, бетін бұзу, жырту, сызу істері орын алған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады».

Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға бірдей уақыт бөлініп, әрі жергілікті атқарушы органдар барлық кандидатқа тең жағдай жасауы тиіс. Түсінікті болу үшін айтайық, бір кандидатқа он рет, екіншісіне бір рет сайлау алды кездесуіне мүмкіндік беруі заңға қайшы келеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт насихат жұмыстары ең алдымен бейне, дыбыс және материал арқылы және өздерінің арнайы жасалған плакаттарымен жүзеге асырылады.

«Президенттікке кандидаттың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын барлық ақпарат, жаңалықтар мен аналитикалық бағдарламаларды қоспағанда, кандидаттардың сайлау қорынан төленуі керек. Сайлау науқаны үшін арнайы дайындалғандарды қоспағанда, баспа материалдарын тегін таратуға жол берілмейді. Сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке жол берілмейді. Бұрын интернет желісінде орналастырылған үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне қайта шығаруға жол берілмейді», – деді заңгер Серік Беркамалов.

Халық кімге, не үшін дауыс беретінін саралап, кандидаттардың қоғамдағы бедел-абыройын білуі тиіс. Сол себепті, сайлау науқанында үгіт-насихат жұмыстары ең жауапты кезең ретінде саналады.

«Адал сайлау үшін» заңгерлер одағының мүшесі Серік Беркамалов үгіт-насихат жұмысының регламенті туралы: «Президенттікке кандидаттардың, олардың сенім білдірілген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының және олардың қызметкерлерінің заңнама ережелерін сақтауын бақылауды орталық және тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

Президенттікке кандидаттардың сөйлеген сөздерін теледидарда және радиода сол күні сөйлегеннен кейін және мерзімді баспасөз басылымдарында бөліп беруге және оның сөздеріне түсініктеме беруге жол берілмейді. Сондай-ақ, үгіт материалдарын орналастырғаны үшін төлем Президенттікке кандидаттың сайлау қорының қаражаты есебінен ғана жүзеге асырылуға тиіс», – деп түсіндірді.