«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарын қайта ұйымдастыру фермерлерді қаржыландыру шарттарына әсер етпейді

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарын қайта ұйымдастыру фермерлерді қаржыландыру шарттарына әсер етпейді

2021 жылғы 5 тамыз, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ

«Бәйтерек» холдингінің агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға мамандандырылған еншілес компанияларын қайта ұйымдастыру қаржыландырудың қолданыстағы шарттарын қайта қарауға әкелмейді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» холдингінің алдына еншілес компаниялардың санын екі есе қысқарту міндетін қойды. Атап айтқанда, өзгерістер аграрлық секторда жұмыс істейтін компанияларға қатысты болады.

Шағын бизнеске микрокредит беруді жүзеге асыратын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ын (Қор) «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на (АНК) қосу жоспарлануда, ол өз кезегінде орта және ірі аграрлық жобаларды, сондай-ақ егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған. Осылайша, АНК бірыңғай салалық кредит беруші ұйым болады. Бұл фермерлерге жеңілдетілген кредит алу үшін әртүрлі жағдайларда қайда жүгіну керек: «АНК-ға ма әлде Қорға ма» деген сұрақтарды алып тастауға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының лизингі бойынша республикадағы ең ірі компания «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Бәйтерек» холдингінен АНК-ға еншілес компания ретінде берілетін болады.

АӨК субъектілеріне банктер беретін кредиттерге кепілдік беру жөніндегі функционал Қордан Холдингтің басқа еншілес компаниясы – кәсіпкерлік субъектілері үшін банктік кредиттерге кепілдік беруді жүзеге асыратын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-на берілетін болады.

Бұрынғы «ҚазАгро» холдингінің барлық үш еншілес компаниясы, АӨК субъектілерін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын қолжетімді кредиттеумен, лизингпен қамтамасыз ету мәселелерінде басты рөл атқарады. Компанияларды қайта құру процестері, әрине, қаржыландыруға қол жетімділікті қиындатпауы керек.

«Бәйтерек» Холдингінің мақсаты - сабақтастықты қамтамасыз ету, нәтижесінде ол компания клиенттерінің қызметіне әсер етпеуі тиіс.

Біріншіден, еншілес ұйымдарды қайта ұйымдастыру қаржыландырудың қолданыстағы шарттарын қайта қарау қажеттілігіне әкелмейді. Қор АНК-ға қосылғаннан кейін фермерге кредит таңдау кезінде бағдарлануын жеңілдету үшін кредиттік бағдарламаларды кеңейту жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін, сыйақы мөлшерлемесі, кредит беру мерзімі, жеңілдікті кезең және басқа да параметрлер сияқты негізгі шарттар өзгеріссіз қалады.

Екіншіден, қосылу кезінде қаржы қызметтерін көрсету жөніндегі негізгі бизнес-процеске тартылған қордың жұмыс істеп тұрған өндірістік персоналы АНК-ға ауыстырылатын болады. Бұл құнды тәжірибелі кадрлар. Және «Бәйтерек» холдингінде де фермерлердің АНК-ға қызмет алуға көшуі кезінде олардың ерекшелігін жақсы түсінетін Қордың жұмыс істеп жүрген қызметкерлерімен жұмысты жалғастыруға деген ұмтылысын түсінеді. Бұдан басқа, бұл компанияларды біріктіру сәтінде Қорға келіп түсетін кредит алу туралы өтінімдерін қараудағы кідірістердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, «Бәйтерек» холдингінде компанияларды қайта ұйымдастыру бойынша нақты және дәйекті іс-шаралар мен мерзімдері бар жол карталары бар. Холдинг қайта ұйымдастырудың барлық процестерін тұрақты бақылауда ұстайды және жалпы үйлестіруді жүзеге асырады.

Сонымен қатар, қайта ұйымдастырудың барлық мәселелері «Бәйтерек» холдингінің құзыретіне жатпайтынын атап өту қажет. Ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика министрліктерінің жекелеген бұйрықтарына және бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу талап етіледі. Нормативтік-құқықтық актілерді уақтылы түзету кезінде қызметкерлерді және кредиттік портфельді аударуды қоса алғанда, компанияларды қайта ұйымдастырудың негізгі процестерін ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі

8 (7172) 919205, 87015129048

www.baiterek.gov.kz

baiterek.gov.kz@gmail.com

p.shakenova@baiterek.gov.kz