Қазақстанда ауылдық округ әкімдерінің сайлауы қалай өтетіні туралы Орталық сайлау комиссиясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Tengrinews.kz.
ОСК-да аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар әкімдерін сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгілік күнтізбелік жоспары бекітілді.
"Елімізде барлығы 2346 әкім бар. Жаңа нормалар енгізілгеннен кейін олардың барлығы бұрын ұсынылған қолданыстағы өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Ағымдағы жылдың соңына дейін аталған санаттағы 775 әкімді сайлау жоспарланып отыр. Осылайша, азаматтардың тікелей сайлау арқылы мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту қағидаты дәйекті түрде іске асырылуда", - деп хабарлады ОСК басшысының орынбасары Константин Петров отырыс барысында.
Өз кезегінде ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаев ауыл әкімдерін сайлауды өткізу кезіндегі барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының өкілеттіктері туралы баяндады.
"Сайлау заңнамасына сәйкес сайлауды аумақтық сайлау комиссиялары кемінде 40 күн бұрын тағайындайды және қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізеді. Әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, сайлау бір ай ішінде тағайындалады және олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күннен он бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады", - деді ол.
Сонымен қатар, ол кандидаттар келесі жолдармен ұсынылуы мүмкін екенін атап өтті:
Саяси партиялар өз мүшелерінің қатарынан. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы;
дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызының қол жинауын қамтамасыз ете отырып, өзін-өзі ұсыну арқылы.
аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі, егер ұсыну аяқталатын күнге екіден кем кандидат ұсынса.
Оның айтуынша, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін ел азаматы жасы 25-тен кем емес, әрекетке қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуы, заңда белгіленген тәртіппен танылған соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі болмауы тиіс.
"Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне Кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайызы дауыс беруі тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен 10 күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады, яғни сайлау күніне дейін 10 күн бұрын және сайлау болатын күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады", - деп қосты Ерлан Дауылбаев.
Оның айтуынша, сайлау қорытындыларын ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде белгілейді.
Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып сайланды деп есептеледі. Ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиялары жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеуді жүзеге асырады.
Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.
"Сайлау жүйесінің және сайлауды ұйымдастыруға тартылған орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың алдында ауқымды міндет тұр. Сайлау науқанын өткізуді қамтамасыз ету қажет. Сайлау рәсімдерін мүлтіксіз сақтаған кезде заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алдағы сайлау бұрын өткізілген барлық науқандардан айтарлықтай ерекшеленеді, өйткені оларды өткізу құзыреті тек аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі", - деп түйіндеді Константин Петров.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалар басшыларының, сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен Үкімет басшылығының қатысуымен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізген болатын.