АSHYQ» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ COVID-19-ДАН ҚАУІПСІЗ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

АSHYQ» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫ COVID-19-ДАН ҚАУІПСІЗ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында 15 мыңнан астам адам КВИ-ді жұқтыру қаупінен қорғайтын, сондай-ақ бизнеске карантин кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «АSHYQ» мобильді қосымшасын жүктеп алды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді

Пилот аясында жобаға 40 нысан қосылды. Олардың қатарында фитнес-орталық, спа-орталық, бассейн, монша, кинотеатрлар бар. Еліміздің 8 қаласында тағы 56 қатысушы пилоттан тыс қосымшаны пайдаланды.

«Коронавирус инфекциясы пандемиясы басталғаннан бері бүкіл әлемдегі, оның ішінде біздің елдегі бизнес айтарлықтай шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр болды, бұл кәсіпкерлік қызметтің кірісіне зиян келтірді. Осыған байланысты бизнес-қауымдастық «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен Қазақстанда «АSHYQ» пилоттық жобасын іске қосуды ұсынды», - деді Е.Қиясов.

Айта кетейік, жобаға қатысушы мекемеге кіру үшін келуші өз телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизация жасап (ЖСН енгізу) және QR-кодты сканерлеп, оны мекемеге кірген кезде көрсетуі қажет. Қазір телеграммда @support_ashyq_bot техникалық қолдау қызметі іске қосылды - сұрақ қойып, жауап алуға болады.