2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осы кодекске сәйкес арнайы салықтық режимдердің (АСР) үш түрі көзделген:
1.өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған;
2.оңайлатылған декларация негізіндегі;
3.шаруа немесе фермер қожалықтарына (ШҚ/ФҚ) арналған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салықтық режимді жеке тұлғалар (ЖТ):
•жеке кәсіпкер (ЖК) болып тіркелмеген;
•жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
•Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген қызмет түрлерінің бірін немесе бірнешеуін ғана жүзеге асыратын жағдайда қолдана алады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 қарашадағы № 994 қаулысымен бекітілген. Аталған тізбеге барлығы 40 қызмет түрі кіреді, оның ішінде: такси қызметі, дайын тағамды жеткізу, курьерлік қызмет, шаштараз қызметтері және т.б.
2025 жылы патент негізіндегі АСР-ды және арнайы мобильді қосымшаны қолданған жеке кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-ға көшу үшін 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында жеке кәсіпкер ретінде есептен шығуы қажет.
Егер жеке кәсіпкер дербес түрде есептен шықпаса немесе оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ға көшу туралы хабарлама ұсынбаса, онда 2026 жылғы 1 наурызда салық органдары мұндай жеке кәсіпкерді есептен шығарады. Бұл ретте есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар үшін арнайы салықтық режимді қолдану арнайы мобильді қосымшада чек берілген айдан бастап танылатын болады.
⸻
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР
Бұл арнайы салықтық режимге барлық салық төлеушілер (оның ішінде 2025 жылы оңайлатылған декларация, тіркелген шегерімді пайдалану және бөлшек салық режимдерін қолданған салық төлеушілер) қолдану шарттарына сәйкес келген жағдайда көше алады.
Ол үшін 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ұсынып, оның 2-бөлімінде «оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ға көшу» белгісін көрсетуі қажет. Бұл ретте аталған режимді қолданудың басталу күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып саналады.
Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында 2025 жылы жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданған салық төлеушілер (оның ішінде 2025 жылдың соңында АСР қолдану шарттарына сәйкес келмегендіктен осы тәртіпке ауысқандар) қолдану талаптарына сәйкес болған жағдайда, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ға көшу туралы хабарлама ұсына алады. Бұл жағдайда да арнайы салықтық режимді қолдану күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
⸻
Маңызды!
Егер 2025 жылы оңайлатылған декларация, тіркелген шегерім немесе бөлшек салық режимін қолданған салық төлеушілер қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынбаған болса, онда мұндай салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурыздан бастап салық органдары тарапынан жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады. Бұл ретте аталған тәртіпті қолданудың басталу күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып белгіленеді.
Осыған байланысты, қазіргі уақытта арнайы салықтық режимдерді қолданып отырған салық төлеушілерге өз қызметін одан әрі жүргізу үшін қолайлы салық режимін алдын ала айқындау қажет.