Жануарлардың тістеуінен, сілекейлеуінен және тырнауынан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінетін адамдар саны өте көп. Мұндай жағдайларда құтыруға қарсы егулер тағайындалады. Ауданда құтыру ауруының тұрғындар арасында тіркелмеуі – құтыруға қарсы екпелердің уақытылы жүргізілуінің нәтижесі.
Аудандағы елді мекендерге жабайы түлкілердің кедергісіз ену жағдайлары бар. Түлкілердің үй және ауыл шаруашылығы жануарларын тістеуі мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Әдетте адам ауру жануармен байланыс кезінде құтыруға шалдығады.
Сақтық шараларын қатаң сақтауды сұраймыз, атап айтқанда: жабайы және қаңғыбас жануарларға жақындамаңыз, оларды тістеуге итермелемеңіз. Егер сізге жануар шабуыл жасап, тістеп алса, дереу медициналық көмекке жүгініңіз. Есте сақтаңыз: дәрігер тағайындаған екпе курсын өз бетіңізше тоқтатуға БОЛМАЙДЫ!
Үй жануарларыңыздан әдеттен тыс мінез-құлық байқасаңыз, әсіресе біреуді тістеп алған болса, оны дереу оқшаулап, ветеринар маманға көрсетіңіз.
Үйде ит пен мысық ұстайтын және жануарлардың тістеуінен зардап шеккен тұрғындар мынаны білуі тиіс: адамды тістеген жануарды ешқандай жағдайда өлтіруге болмайды! Мұндай жануарлар 10 күн бойы ветеринарлық бақылауда болуы тиіс. Дәл осы уақыт ішінде ауру жануарда құтыру белгілері байқалады немесе ол сау болып қалады.
«Әулиекөл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ-нің ЭБ бөлімінің басшысының м.а. Кабденова Гулмира Рафаэловна